Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Западно-Казахстанская область

Жыр арқауы – Ақжайық

Жыр арқауы – Ақжайық

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» жобасы аясында қаламыздағы №4 ЖОББ мектебінің мәжіліс залында Ақжайық ақын-жазушыларының, композиторларының шығармаларын насихаттап, өскелең ұрпаққа рухани байлығымызды дәріптеу мақсатында мұғалімдер арасында байқау болып өтті. Үш бөлімнен тұратын байқауға аудан, ауыл мектептерінен 43 мұғалім қатысты.

Бірінші бөлім - «Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді...».  Ақжайық өңірінің ақын-жазушыларының шығармаларын жатқа оқу конкурсына 16 мұғалім қатысты. Арнайы тағайындалған қазылар алқасы байқау барысында қатысушы мұғалімдердің мәнерлеп оқу шеберлігіне, жатқа айтуына, дауыс ырғағы мен сахна мәдениетіне және киім үлгісіне баса мән берді. Сарапшылардың осындай сүзгісінен сүрінбей өткендер ғана жеңімпаз деп танылды. Атап айтқанда, байқауда таланты мен шығармашылық қабілеті сай болған Бумакөл мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Кармысов І орын иеленсе, поэма оқудан Ақсай қаласының №6 ЖОББМ мұғалімі Р.Мустажапова мен ерекше мәнерімен №3 ЖОББМ мұғалімі А.Досжанова ІІ орынды иеленді, жүлделі ІІІ орынды Успен МБК мұғалімі А.Джумагалиева, Бөрлі №1 ЖОББМ мұғалімі Ш.Умирзакова, Канай МБК мұғалімі Г.Сапиева бөлісті.

Екінші бөлім - «Арман жырым - Ақ Жайығым». Ақжайық өңірі композиторларының әндері мен күйлерін орындаушылардың конкурсына 16 мұғалім қатысып, І орынды сазды дауысымен Ақсу МБК мұғалімі Ш.Садыкова, ІІ орынды Григорьев ЖОББМ мұғалімі С.Карасаева мен Пугачев МБК мұғалімі М.Муканова иеленді, ІІІ орынды Ақсай қаласының №7 ЖОББМ мұғалімі А.Шуиншкалиева, Бөрлі ЖОББМ мұғалімі Д.Асенеева, Александров МБК жас маманы А.Жанбулатова иеленді.

Үшінші бөлім «Ұлылар әлемі» бойынша - Ақжайық өңірінің тұлғаларына, еңбектеріне эссе жазу байқауына 11 мұғалім қатысып, жазу шеберлігімен І орынды Ақсай қаласының №7 ЖОББМ мұғалімі Л.Қарағойшина алса, ой жүйелігінің ұшқырлығымен ІІ орынды Александров МБК мұғалімі А.Шундыбаева мен Бөрлі №1 ЖОББМ мұғалімі Т.Аюпова иеленді, ІІІ орынды Ақсай қаласының №8 ЖОББМ мұғалімі А.Сатубалиева, №1 МБК мұғалімі Ж.Дюсембаева, №5 ЖОББМ жас маманы Ж.Бисманова бөлісті.

Келген жанға көңіліне қуаныш пен серпіліс сыйлаған бұл кеш, Ақжайық өңірінің тарихи тұлғалары мен мәдениет, өнер саласындағы қайраткерлерін дәріптейтін мағыналы да мәнді байқау болды.

Другие новости